Денсаулық

Медициналық сақтандыру жарнасы қалай төленеді?

Елімізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгені белгілі. Биылғы жылдың қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлем енгізетін заң қабылданған болатын. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар сақтандыру жүйесіне қатысады. Ал қалған санаттағы азаматтар міндетті медициналық сақтандыру жарнасын 2020 жылдан бастап төлейді.

Жалпы міндетті медициналық сақтандыруды екіге бөліп қарастырар болсақ, оның біріншісі —  негізгі сақтандыру түрі. Бұл сақтандыру түріне мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Ол еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болады. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтердің бірнеше түрін алады. Мысалы, жедел жәрдем қызметін, санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсетуді, төтенше жағдайда көмек көрсетуді және алдын алу шараларына қатысты екпелерді өз міндетіне алады.

Ал екінші түрі — міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында қаржыландырылатын сақтандыру. Бұл негізгі сақтандыруға кірмеген басқа да медициналық қызметтер түрін қамтитын сақтандыру болады. Оған амбулаторлық-емханалық көмектер, ауруханада жатып емделу, жоғары технологиялық көмектер кіреді. Сақтандырудың осы түрі міндетті сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар үшін қолжетімді болады.

«Мемлекет медициналық сақтандыру қорына кім үшін жарна төлейді?» деген сұраққа келсек, егер жалдамалы жұмыскер немесе жеке кәсіпкер жеңілдетілген санатта тұрса, ол аударымдар мен жарна төлеуден босатылады. Мысалы, зейнеткер жеке кәсіпкер болатын болса, онда жарна төлеу қажет емес, ол үшін мемлекет төлейді. Жеңілдетілген санаттарға кімдер жатады?: 1) балалар; 2) жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар; 3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; 4) баланың (балалардың) үш жасқа толғанға дейін іс жүзінде бағатын жұмыссыз адамдар; 5) баланы (балаларды) тууына байланысты, жаңа туған нәрестені (нәрестелерді) асырап алуға байланысты, оның (олардың) үш жасқа толғанға дейін күтім жасауға байланысты демалыста болған адамдар; 6) мүгедек балаларды күтетін жұмыссыз адамдар; 7) зейнетақы төлемдерін алатын тұлғалар, оның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектер; 8) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде сот үкіміне сәйкес жазаларын өтеп отырған адамдар (ең төмен қауіпсіздік мекемелерінен басқа); 9) тергеу орталығында ұсталатын адамдар; 10) жұмыссыз оралмандар; 11) «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар; 12) мүгедектер; 13) орта, техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындарында күндізгі оқудағы тұлғалар; 14) әскери қызметшілер; 15) құқық қорғау органдарының қызметкерлері; 16) арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері.

Жалпы сақтандыру жүйесін енгізу  медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттырады.

Бекболат ІЗБАСАРОВ,

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті отбасылық медицина клиникасының жетекшісі.
 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button